Қазақстан пойыздарында тұрақты интернет пайда болады: спутниктік технологиялар жолаушылар тасымалын өзгертуде
Қазақстан шалғай өңірлер мен ұзақ көлік магистральдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік байланысқа басымдық беруде.
Қазақстан шалғай өңірлер мен ұзақ көлік магистральдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік байланысқа басымдық беруде. Цифрлық инфрақұрылымды дамытудың кешенді моделін – талшықты-оптикалық желілерді, мобильді байланыс пен төмен орбиталық спутниктік жүйелерді ұштастыру тәсілін –еліміз 8–10 қарашада Қатар астанасында Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) қатысуымен өткен MWC26 Doha халықаралық цифрлық көшбасшылық форумында таныстырды.
Форум алаңында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан бұл технологияларды бірін-бірі толықтыратын жүйе ретінде дамытып жатқанын атап өтті. Мұндай тәсіл жерүсті желілерін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналатын аймақтарда – шалғай ауылдарда, әуе кемелері мен теміржол бағыттарында байланыс жоқ «ақ таңдақтарды» жоюға мүмкіндік береді. 2026 жылы қабылданған заңнамалық түзетулер көлікте геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану тәртібін жеңілдетті.
Осы бағыттағы тағы бір нақты қадам – Қарағанды – Жезқазған – Маңғыстау бағыты бойынша қатынайтын №79/80 жолаушылар пойызына Starlink спутниктік интернетін енгізген KAZTECHNOLOGY компаниясының жобасы болды. Желіге қосылумен қатар, құрамдарда жолаушыларға жол бойы ойын-сауық және ақпараттық контент көруге мүмкіндік беретін Vputi.kz мультимедиялық платформасы дамытылуда.
«Аумағы кең, теміржол бағыттары ұзақ біздің еліміз үшін мұндай шешімдерді дамыту стратегиялық маңызға ие. Біз жолаушыларды жай ғана желіге қосып қоймай, жол үстінде толыққанды цифрлық орта қалыптастыруға ұмтыламыз. Басты мақсат – бағыты қай жерден өтсе де, заманауи технологияларды әрбір жолаушыға қолжетімді ету», – деп атап өтті KAZTECHNOLOGY басшылығы.
Компания өкілдері цифрландыру көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар жүруі тиіс екенін алға тартады. Болашақта спутниктік байланыс жолаушыларды, тасымалдаушылар мен онлайн-сервистерді біріктіретін теміржолдың бірыңғай цифрлық экожүйесінің маңызды бөлігіне айналмақ.


